Бүгін ҚР Энергетика министрі А.М. Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас конференциясының 67-сессиясының ашылуына қатысты.
АЭХА-ның жыл сайынғы Бас конференциясының 67-сессиясын 2023 жылғы 25-29 қыркүйек аралығында Вена қаласында (Аустрия) өткізу жоспарланған.
Бас конференция АЭХА-ның негізгі басқару органдарының бірі, сондай-ақ атом саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылауға арналған бірегей алаң болып табылады. Конференцияның жұмысына жыл сайын 177 мүше мемлекеттің агенттіктерінен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардан 2000-нан астам өкіл қатысады.
Қазақстандық делегация құрамында ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, ҚР Ядролық физика институты, «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ, «МАЭК» ЖШС және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдері бар.
Бас конференцияның ресми ашылу салтанатында ҚР Энергетика министрі А.М. Сәтқалиев Қазақстанның атом саласының жай-күйі және оны дамыту жоспарлары туралы баяндама жасады. Қазақстанның ядролық қаруды таратпау режимін қолдаудағы рөлін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Бас конференция аясында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының, Қытай Халық Республикасының, Францияның және Ресей Федерациясының өкілдерімен екіжақты кездесу өткізу жоспарлануда.