Астанада Қазақстанның атом энергетикасын дамытудың өзекті мәселелері мен АЭС салу мүмкіндіктері талқыланды

28 мамыр күні Астанада «Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту перспективалары» тақырыбында стейкхолдерлер Форумы өтті.

Іс-шара «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен ұйымдастырылды. Шараға атом энергетикасы саласындағы жетекші мамандар мен сарапшылар, экологтар, ҮЕҰ, бизнес, академиялық орта және мемлекеттік сектор өкілдері қатысты. Мамандар бір пікірталас алаңында жиналып, атом саласын дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде АЭС салу мүмкіндіктерін талқылады. Айта кетейік, бүгінгі форумда министрліктер мен елордалық ұйымдардың өкілдері ғана емес, сондай-ақ қатысушылардың қатарында облыстық қоғамдық кеңестердің өкілдері, Алматы облысының Үлкен ауылының беделді тұрғындары, Қазақстанның Азаматтық Альянсының көшбасшылары, энергетика және атом саласында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың басшылары бар. Форум тақырыбы бойынша өз ойларын білдіруге "Байтақ" жасылдар партиясының, "Атамекен" ҰКП мүшелері, бизнес өкілдері, республикалық жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары және басқа да мүдделі тараптар келді.

Форумның панельдік отырыстары Қазақстан энергетикасының қазіргі жағдайы, ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі атом энергетикасының рөлі, оның қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік аспектілеріне арналды.

  • Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажеттілігі өзекті мәселе. Бұл, электр энергиясын тұтынудың өсуі мен жұмыс істеп тұрған станциялардағы генерациялаушы жабдықтың тозуына байланысты. Қазақстан Үкіметінің көміртегісіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базасының болуы, республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды, – деп атап өтті «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
  • Т.Жантикиннің айтуынша, Қазақстанда атом электр стансасын салу – елдің индустриялық дамуына қажетті ең оңтайлы да тиімді шешім болып табылады. Сонымен қатар ол экономиканың барлық салаларының дамуына ықпал етеді.

Ел экономикасының тұрақты дамуына арналған екінші панельдік сессия барысында спикерлердің көпшілігі атом энергетикасы электр энергиясының тұрақты көзін қамтамасыз етудің жолы ғана емес, сонымен қатар, экономиканың сабақтас салаларын дамытудың қуатты катализаторы деп келісті. Атом электр стансасы сияқты ауқымды және білімді қажет ететін жобаны жүзеге асыру, энергетиканың, құрылыстың, ғылымның және тағы басқа заманауи технологиялар сияқты салаларды дамытуды көздейді.

«Қазақстанда атом электр стансаларын салу мәселесі азаматтар арасында біраз күмән тудырады. Көбісі оның артықшылықтарын біле бермейді, өкінішке орай, халық атом энергиясын енгізудің нақты экономикалық пайдасы туралы хабарсыз. Еліміздің кемел келешегін ойласақ, энергия тапшылығы мен энергияға тәуелділіктен арылу маңызды. Қисынды қадамдардың бірі – атом электр стансасын салу», – деді талқылаулар барысында Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

  • Егер біз атом электр станцияларының құрылысына қарсы болсақ, онда біз энергетика саласында да, жалпы елде де ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Мен өз басым нақты шешімге келдім: АЭС халыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Ол қоршаған ортаға да зияны жоқ. Бұған Алматы мен Курчатовтағы ғылыми-зерттеу реакторларының тәжірибесі дәлел», - деп атап өтті форум модераторы, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев.

  • Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ, ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген мамандар жұмыс істейді, атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр станциялары жобаларында ескерілген.

  • Қазақстанда АЭС салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы орасан зор тәжірибесін атап өту маңызды, атап айтқанда, мәселен Ядролық физика институты, оның негізінде 57 жыл бойы ССР-Қ (қазақстандық су-сулы реакторы) табысты жұмыс істеп келеді, бұл Қазақстан Республикасындағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты (іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша) зерттеу реакторы, ол Қазақстанда АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпүлгісі болып табылады. Институт базасында атом саласы үшін кадрлар даярлау жүзеге асырылады,- деп атап өтті ҚР Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

  • Форумның қорытындысы бойынша сарапшылар атом энергетикасын тұрақты және сенімді энергияның негізгі көзі ретінде атап өтті. Сондай-ақ, бұл саланы одан әрі дамытуды талап ететін энергияға сұраныстың өскенін алға тартты. Сонымен бірге, форумға қатысушылар атом энергетикасы саласындағы жобаларды жүзеге асыру кезінде ашықтық пен қоғаммен диалог құру қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.