Су ресурстары және ирригация министрлігі, Энергетика министрлігі және «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС өкілдері бар қазақстандық делегация Францияда іс-сапарда жүр. Сапардың басты мақсаты – су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Бағдарлама бойынша геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросының (BRGM) жетекші сарапшыларымен, Экологиялық және аумақтық бірлік министрлігі, Сена-Нормандия бассейндік су агенттігінің өкілдерімен, сондай-ақ мамандандырылған француз кәсіпорындары мен ғылыми институттар қызметкерлерімен жұмыс кездесулері жоспарланған. Аталған сапар Қазақстанның су ресурстары саласын дамытуға және алдағы 100 жылдық кезеңге болжам мен зерттеудің бірлескен жоспарына арналды. «ҚАЭС» ЖШС Бас директоры Т.М. Жантикин Қазақстан Республикасының атом энергетикасын дамыту жоспарлары және Балқаш көлі су бассейнінің жағдайын бағалауға қатысты келіссөздерге қатысты.