Атом электрстанциясы көптеген салалардың дамуына серпін береді – Павлодарда жария талқылаулар өтті
Павлодарда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселелері талқыланды. Кездесуге облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық кеңестердің, экологиялық ұйымдардың өкілдері, энергетика саласындағы жетекші сарапшылар, ғалымдар мен қаланың белсенді тұрғындары қатысты. Талқылауға қатысу үшін Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдері шақырылды. Кездесу барысында спикерлер еліміздегі атом энергетикасын дамытудың жоспарлары мен перспективаларын таныстырып, атом электр станциясын салудың қауіпсіздігі, экологиялық ұтымдылығы мен экономикалық қисындылығы мәселелеріне ерекше назар аударды. «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Ерлан Батырбеков жобаның маңыздылығын атап өтіп, атом электр станциясын салу Қазақстандағы ғылым мен өнеркәсіпті дамытудағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін айтты.