«ҚАЭС» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері WANO сапарына қатысты
2024 жылдың 16-20 желтоқсан аралығында өткен WANO сапары кезінде Қазақстандық делегаттар Қытайдың атом энергетикасы саласындағы кәсіпорындары мен ұйымдарын аралады.
Айта кету керек, аталған шараның мақсаты Қытай Халық Республикасының атом энергетикасы мен өнеркәсібін дамытудағы тәжірибесін және жетістіктерін зерттеу, сондай-ақ атом саласында белсенді мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты кеңейту.
Сапар бағдарламасына Чэнду қаласында өткен семинарға қатысу, Шанхай қаласында «Шанхай Электрик» ірі зауытының өндірістік объектілерін, сондай-ақ Сычуань провинциясында орналасқан ядролық отын өндіру зауытын аралау кірді. Бұл Қазақстанда болашақ атом электр станциялары үшін отын өндіруді кеңейту жоспарлары аясында жасалған маңызды қадам.
Анықтама: WANO (World Association of Nuclear Operators) — әлемдегі атом электр станцияларын басқарушы ұйымдардың халықаралық қауымдастығы. Қазіргі таңда WANO құрамында әлемнің барлық атом электр станцияларын пайдаланатын ұйымдар бар, олардың жалпы саны шамамен 460 энергия блогын қамтиды. Қауымдастықтың мақсаты — әлемдегі барлық АЭС-тердегі қауіпсіздік міселесі.