Атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау Көкшетауда өтті
Көкшетауда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Оған Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің, ҮЕҰ, кәсіподақтардың өкілдері, жергілікті белсенділер, экологтар, кәсіпкерлер және тағы басқалар қатысты.
Спикер ретінде ҚР Энергетика министрлігінің, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, Ядролық физика институтының, Ұлттық ядролық орталықтың өкілдері сөз сөйледі. Сарапшылар Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың артықшылықтары, АЭС құрылысының техникалық аспектілері туралы айтып берді.
Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова соңғы жылдары электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өскенін және өсуін жалғастырып келе жатқанын, осыған байланысты базалық тұрақты генерацияны, атап айтқанда атом энергетикасын дамыту қажет екенін атап өтті.
"Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жантикин АЭС құрылысының тиімділігі туралы баяндады.
"Біріншіден, бұл әлеуметтік әсер. Елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлық әлеуетінің өсуі. Атом энергетикасы - бұл озық технология және елдің техникалық әлеуетін дамытуға үлкен серпін. Бұл жаңа жұмыс орындары. Атом электр станциясын салу кезінде бір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрайды. Бұл жергілікті өнеркәсіптің дамуы", - деп атап өтті Тимур Жантикин.
Сарапшылар АЭС-тің экологияға әсері туралы, ең алдымен, парниктік газдар шығарындыларының төмендеуі туралы айтты. Атом электр станциясы экология тұрғысынан ең тиімді болып табылатынын жеткізді.
Жергілікті тұрғындар АЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық кадрларды даярлау және атом станциясын салу технологиялары бойынша сұрақтар қойды.
Ақмола облысының белсенді тұрғындары өз пікірлерін білдіріп, атом электр станциясының құрылысын қолдады.