Петропавлда Азаматтық альянсының бастамасымен АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті
Петропавлда СҚО Азаматтық альянсының бастамасымен атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, экологтар, энергетика, азаматтық сектор, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кәсіпкерлер және Солтүстік Қазақстан облысының басқа да тұрғындары қатысты.
Модераторлар СҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жарасбай Сүлейменов пен СҚО Азаматтық Альянсының төрағасы Сәуле Сүлейменова болды.
Энергетика министрлігінің, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері атом электр станцияларын салу қажеттілігі, қазіргі атом станцияларының қауіпсіздігі, жұмыс принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы айтты.
Жергілікті тұрғындардың көпшілігі Қазақстанда АЭС салу идеясын қолдады. СҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі Павел Афанасьев атом энергетикасын дамыту қажет екенін атап өтті. Бұл үшін барлық тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктер бар. Қазақстанда Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты бар. Қазақстан табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында.
СҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі Жарасбай Сүлейменов атом электр станциясын салу қажеттілік деп санайды. «Қазақстан негізгі сенімді энергия көзіне мұқтаж. Әлемде атом электр станцияларын сәтті пайдаланудың көптеген мысалы бар және біз бұл тәжірибені қабылдауымыз керек», - дейді қоғам қайраткері.
Талқылауға қатысушылар сарапшыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Бұл ретте жобаға қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету туралы өтініш білдірілді.