Шымкент қаласында Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті
Бүгін Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің бастамасымен Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті. Іс-шараға қалалық Қоғамдық кеңес өкілдері, ардагерлер Қеңесі, жергілікті белсенділер, журналистер және басқа да қала тұрғындары қатысты.
Талқылауда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС және Ядролық физика институтының өкілдері сөз сөйледі.
Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова соңғы жылдары электр энергиясын тұтыну айтарлықтай өскенін және алдағы уақытта өсе беретінін ерекше атап өтті. Сондықтан негізгі электргенерациясының балама көздерін іздеу жұмыстарында заманауи қауіпсіз атом станциясын салу мүмкіндігі зерттелуде.
Жергілікті тұрғындар АЭС жобасының экологияға әсері, халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді сұрақтар қойды.
Шымкентте қоғамдық талқылаулар конструктивті диалог форматында өтіп, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде азаматтық қоғамның сарапшылармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының маңыздылығын растады.