Меню KDT

Жаңалықтар

КАЭС жаңалықтары мен оқиғалары

2024 жылғы 11-маусымда Жезқазғанда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

1728471202365935.jpg

2024 жылғы 11-маусымда Жезқазғанда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында АЭС салу мәселесі халықпен жария түрде талқыланып, референдум арқылы шешілуі керек деген бастама көтерген болатын. Сол бастаманы Қазақстанның азаматтық альянсы қолдап, өңірлерде қоғамдық кеңестермен бірлесіп, жария талқылаулар ұйымдастыруда. Бүгін сондай талқылау Ұлытау облысының орталығында өткізілуде.

Жария талқылауға энергетика, атом энергетикасы саласының мамандары, құзырлы мекемелердің өкілдері шақырылды. Еліміздің Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ядролық физика институтының, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның мамандары қазір атом электр станцияларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтарын, заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс жасау принциптері және атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпаратпен бөлісті. Сондай-ақ атом саласының мамандары жаһандық атом энергетикасының жағдайымен және заманауи қауіпсіз ядролық технологиялар арқылы Қазақстанның энергия тапшылығын азайту жоспарлары туралы айта кетті.

Қазіргі таңда Қазақстанда жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу қажеттілігі өзекті мәселе. Бұл, электр энергиясын тұтынудың жыл сайын 3%-ға дейін өсуі мен жұмыс істеп тұрған станциялардың 70%-ға тозуына байланысты. Қазақстан Үкіметінің көміртегісіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базасының болуы, республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды, – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира МУРСАЛОВА. Талқылауға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, экологтар, энергетика саласының, азаматтық сектордың өкілдері, кәсіпкерлер және Ұлытау өңірінің басқа да тұрғындары қатысып, атом энергетикасы туралы толығырақ түсінік алуға, өз пікірлерін білдіріп, мамандарға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур ЖАНТИКИННІҢ айтуынша, атом энергетикасын дамыту – ұзақ мерзімді міндет, оны шешу Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін кем дегенде жүз жыл бойы қамтамасыз етеді – бұл қазіргі уақытта атом электр станциялары үшін қарастырылып жатқан қызмет ету мерзімдері. Қазақстанда атом электр стансасын салу – елдің индустриялық дамуына қажетті ең оңтайлы да тиімді шешім болып табылады. Сонымен қатар ол экономиканың барлық салаларының дамуына ықпал етеді.

«Сондай-ақ, егер біз әлемдік қоғамдастықтың климат мәселелеріне назарын арттыру жағдайында ел экономикасының жасыл трансформациясын және оның тұрақты дамуын қолдағымыз келсе, энергияның көміртегісіз генерацияға көшуін қамтамасыз ету маңызды. Көптеген адамдар қазір атом энергиясын өндірмей, бұл проблемалардың барлығын шешу мүмкін емес екенін түсінеді. АЭС халыққа ешқандай қауіп төндірмейді. Ол қоршаған ортаға да зияны жоқ. Бұған Алматы мен Курчатовтағы ғылыми-зерттеу реакторларының тәжірибесі дәлел» - деді Т.Жантикин.

Атап айтсақ, талқылау нәтижесінде жергілікті тұрғындардың көпшілігі Қазақстанда атом электр станциясын салу идеясын қолдады.