АЭС құрылысы кезінде жергілікті қамтуды арттыру және отандық компанияларды тарту – басты міндет
Бұл туралы «ҚАЭС» ЖШС Бас директоры Ернат Бердіғұлов Мәскеуде өткен Дүниежүзілік атом апталығы аясындағы негізгі сессиялардың бірінде мәлімдеді.
Пленарлық отырысқа сондай-ақ «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Мариано Гросси, Беларусь Республикасының энергетика министрі Денис Мороз, Мысырдың электр энергетикасы және жаңартылатын энергия министрі Мұхаммед Эсмат, Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) бас директоры Сама Бильбао-и-Леон және Өзбекстан атом энергиясы агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев қатысты.
Өз сөзінде ҚАЭС басшысы Қазақстанның атом өнеркәсібін дамыту саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, уран өндіру, әлемдегі алғашқы БН-350 реакторының жұмысы, үш зерттеу реакторының қызметі, ғылыми-зерттеу институттарының дамуы және т.б.
«Дегенмен, бүгінде бізге мүлдем жаңа деңгейге шығу міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысына тікелей есеп беретін атом энергетикасын дамыту жөніндегі жеке агенттік құрылды. Агенттікке де, ҚАЭС-ке де елімізде бірнеше атом электр станцияларын салу және жалпы ядролық кластерді дамыту міндеті жүктелді», – деп атап өтті Е. Бердіғұлов.
АЭС жобасын іске асыру үшін консорциум құру мәселесіне қатысты сұраққа жауап бере отырып, Ернат Бердіғұлов мұндай тәсіл Қазақстан үшін бірқатар мүмкіндіктер мен артықшылықтар ашатынын айтты. Олардың қатарында технология трансфері, озық технологиялар мен менеджмент тәжірибесін енгізу бар.
«Сонымен қатар, АЭС құрылысы аясындағы негізгі міндеттердің бірі – жергілікті қамтуды арттыру және отандық компанияларды тарту. Біз жұмыс істей алатын компаниялар пулын кеңейте отырып, іс жүзінде жаңа өндірістерді ел ішінде ашуға мүмкіндік беретін әлеуетті серіктестер аясын да кеңейтеміз. Бұл өз кезегінде технология трансферін қамтамасыз етіп, дамуға жол ашады», – деп қорытындылады Е. Бердіғұлов.
Айта кетейік, Дүниежүзілік атом апталығы аясында «ҚАЭС» ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұлов «Росатом» мемлекеттік корпорациясының өкілдерімен кездесу өткізіп, инженерлік-іздестіру жұмыстарының барысын талқылады.
Сонымен бірге, қазақстандық делегация Дүниежүзілік атом апталығының ашылу салтанатына қатысты. Телемост арқылы Мысырдағы «Эль-Дабаа» және Түркиядағы «Аккую» атом электр станцияларына арналған екі реактор корпусының жөнелтілуіне ресми түрде старт берілді.