Меню KDT

Жаңалықтар

КАЭС жаңалықтары мен оқиғалары

«ҚАЭС» ЖШС отандық кәсіпорындардың алғашқы атом электр станциясын салуға қатысуының негізгі бағыттарын айқындады

1759235887493341.jpg



Мәскеуде өткен Әлемдік атом апталығы аясында «Жаһандықты жергілікті ету: серіктестік және отандық қамту» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және атом жобаларын іске асырудағы қазақстандық компаниялардың рөлін арттыру мәселелеріне арналды.

Сессияны атом энергетикасы саласының тәуелсіз сарапшысы, АЭХА экс-бас директорының орынбасары Александр Бычков жүргізді. Жиынға WNA, АСЭ, Petrojet, Беларусьтың Мематомқадағалауы сияқты жетекші халықаралық компаниялар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Венгрия, Египет, Ресей, Индонезия және Қазақстан делегаттары қатысты.

Іс-шараға Қазақстан тарапынан «ҚАЭС» ЖШС жобасының жетекшісі Жомарт Жасанов қатысты. Ол өз баяндамасында алғашқы атом электр станциясын салу – Қазақстанның ресурстық әлеуетін толыққанды атом генерациясына айналдыруға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және өз ядролық отын циклін дамытуға бағытталған заңды әрі стратегиялық қадам екенін атап өтті.

«Атом электр станциясының құрылысы тек электр энергиясы тапшылығын жабудың құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық драйвері ретінде қарастырылады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, ғылым мен білімнің дамуына серпін береді, халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға және елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Жомарт Жасанов.

Баяндамашы жобадағы отандық қамтуға және қазақстандық компаниялардың қатысуына назар аударды. Атап айтқанда, жергілікті мердігерлер аумақты дайындау, уақытша және көмекші нысандарды, сондай-ақ станция инфрақұрылымын салу жұмыстарына тартылады. Ал халықаралық серіктестер негізгі жабдықтарды жеткізіп, үздік технологиялық шешімдерді, соның ішінде турбиналық арал мен автоматика жүйелерін енгізуді қамтамасыз етеді.

Қазақстан жаһандық атомдық тізбектерге интеграциялану бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Өскеменде отын жинақтарын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ қазақстандық бірқатар компаниялар бүгінде шетелдердегі атом электр станцияларының құрылыс алаңдарына отандық жабдықтарды жеткізу тәжірибесіне ие.

Стратегияның маңызды бөлігі – кадрларды даярлау, деп атап өтті Жомарт Жасанов. Қазақстандық мамандар қазірдің өзінде Түркия, Бангладеш және Египеттегі халықаралық жобаларға қатысуда. Алдағы уақытта жетекші университеттер мен салалық серіктестермен, соның ішінде «Росатомның» тірек институты – МИФИ-мен бірлесіп, ұлттық мамандар даярлау мектебін құру жоспарлануда.

Стратегиялық тұрғыда Қазақстан үш атом электр станциясын салуды, соның ішінде шағын модульді реакторларды (SMR) енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен қатар ядролық медицина мен іргелес технологиялар дамытылып, елдің жаһандық атом экожүйесіндегі позициясы нығая түсетін болады», – деп атап өтті «КАЭС» ЖШС жобасының жетекшісі Жомарт Жасанов.

Айта кетейік, «ҚАЭС» ЖШС-нің дөңгелек үстелдегі баяндамасы Қазақстанның тек өз атом электр станциясын салу ниетін ғана емес, сондай-ақ ядролық энергетикадағы жаһандық қосылған құн тізбегінде маңызды орын алуға ұмтылысын растады. Халықаралық тәжірибе мен ұлттық құзыреттердің ықпалдастығы елімізде жаңа жоғары технологиялық саланы және әлемдік деңгейдегі құзыреттер орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.