Kazakhstan Energy Week – 2025: «ҚАЭС» атом саласын дамыту бойынша жаңа жоспарлары туралы мәлімдеді
«ҚАЭС» ЖШС Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында атом саласын дамыту бойынша бірнеше өршіл жоспарларды жария етті. Олардың арасында Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу, ұлттық ядролық кластерді қалыптастыру және жаңа технологиялық дәуірге кадрлар даярлау.Компанияның пікірінше, атом энергетикасы «таза» энергия көзі ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық өсімінің және жасанды интеллект дамуының тірегіне айналады.
Жылдың ең ірі энергетикалық оқиғасының негізгі басымдықтарының бірі – атом саласын жаңғырту мен кең көлемде дамыту болды. «Атом энергетикасы: прогресс және қауіпсіздік» стратегиялық сессиясында «ҚАЭС» ЖШС жоба жетекшісі Бекболсын Ізтілеуов Қазақстан энергетикалық жолының жаңа кезеңінің алдында тұрғанын атап өтті.
«Бүгінгі күні атом саласын дамыту стратегиясы әзірленуде. Алдымызда тұрған мақсат – ядролық кластер құру және бірнеше атом станциясының құрылысын бастау. Мемлекет басшысы атап өткендей, уран – энергетикалық стратегияның төрт негізгі тірегінің бірі», – деді ол.
Б. Ізтілеуовтың айтуынша, Қазақстан атом жобаларын іске асыру үшін зор негізге ие. Еліміздің ядролық индустриядағы 70 жылдан астам тәжірибесі, дамыған ғылыми базасы және жоғары даму әлеуетіне ие қажетті құзыреттері бар. Станциялар барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес салынып, олардың іске қосылуы елге сенімді, экологиялық таза әрі тұрақты энергия көздерін қамтамасыз етеді.
Сессия жұмысына сондай-ақ ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин, АЭХА бас директорының орынбасары Лю Хуа, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары – экономика және қаржы жөніндегі бас директор Марат Төлебаев, сондай-ақ China National Nuclear Corporation Overseas бас директоры Мао Явэй қатысты.
Энергетикалық күн тәртібінің ажырамас бөлігі – тең мүмкіндіктер мәселесі. VII KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубы форумының нәтижелері көрсеткендей, саладағы стратегиялық басқару, инновациялар мен даму процестеріне әйелдердің қатысуы оның болашақ өсуінің басты факторларының біріне айнала алады. Бұл туралы «ҚАЭС» ЖШС қаржыландыруды ұйымдастыру тобының жетекшісі және клуб төрайымы Айзада Аққайсиева мәлімдеді.
«Энергетика ұзақ уақыт бойы тек ерлердің саласы саналып келді, алайда бүгінде әйелдер тек жұмыс істеп қана қоймай, оны алға жылжытып отыр. Қол жеткізген жетістіктерде тоқтап қалмауымыз керек: біз ескірген стереотиптерді жойып, кәсіби қасиеттерді жынысына емес, құзыретіне, біліміне және тәжірибесіне қарай бағалауымыз қажет. Тек осылай біз әйелдер көшбасшылығының әлеуетін толық ашып, саланы жаңа деңгейге шығара аламыз», – деп атап өтті Айзада Аққайсиева.
Kazakhstan Energy Week жыл сайын өткізілетін және Орталық Азиядағы басты энергетикалық шара ретінде танылған шара. Ұйымдастырушылардың сөзінше биыл форум қатысушылар саны мен талқыланатын тақырыптардың ауқымы жағынан рекордтық болмақ.