Астанада АЭС операторлары мен иелеріне арналған АЭХА семинары аяқталды
Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұйымдастырған бес күндік оқу семинары өз жұмысын аяқтады. Семинар атом электр станцияларының иелері мен операторларының рөлдері мен міндеттерін айқындауға арналды.
Іс-шараға АЭХА-ның ядролық инфрақұрылымды дамыту секторының өкілі, техникалық сарапшы Эрик Матэ жетекшілік етті. Семинар барысында шақырылған халықаралық сарапшылар жобаларды басқару, лицензиялау, кадрларды даярлау және атом нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Бағдарламаның соңғы күнінде атом электр станцияларын пайдалануға дайындау, инженерлік және жобалау ұйымдарынан білім мен тәжірибе беру, сондай-ақ пайдалану кезеңінде ұзақ мерзімді қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстанның болашақ атом электр станцияларының қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге арналған практикалық тәсілдер талқыланды.
АЭХА сарапшысы Дан Бигу сессия барысында атом электр станцияларын сенімді пайдалану үшін білім басқару жүйесін үздіксіз дамыту, персоналдың кәсіби құзыреттілігін арттыру және станцияның өмірлік циклі кезеңдерінде тұрақты қолдау тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
Семинардың соңында қатысушылар іс-шара нәтижелерін талқылап, өзара пікір алмасып және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар енгізді. Кездесу қорытындысы бойынша өзара іс-қимылдың басым бағыттары айқындалып, оларды жүзеге асыру тәсілдері келісілді. Бұл тараптардың конструктивті диалогты жалғастыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Қорытынды сөзінде Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Асет Махамбетов семинар қатысушыларының атом электр станцияларын қауіпсіз пайдалануды ұйымдастыру бойынша халықаралық тәсілдер туралы жүйелі түсінік алғанын атап өтті.
«Семинар аясында талқыланған АЭХА тәжірибесі мен ұсыныстары атом саласын дамытуда нақты бағыт-бағдар болмақ. Қазақстан болашақ АЭС-тердің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында институционалдық және кадрлық әлеуетін дәйекті түрде нығайтып келеді», — деді А. Махамбетов.
АЭХА семинары қатысушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға және тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Ол Қазақстан мен АЭХА арасындағы атом энергетикасын қауіпсіз және тұрақты дамыту саласындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта осындай форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Бұл қадамдар кәсіби құзыреттерді жүйелі түрде дамытуға, сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.