Меню KDT

Жаңалықтар

КАЭС жаңалықтары мен оқиғалары

Астанада халықаралық сарапшылардың қатысуымен атом энергетикасы саласындағы кадр даярлаудың негізгі мәселелері талқыланды

1764596220124252.jpg

1–5 желтоқсан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) ұйымдастырған адами ресурстары мен кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі жоспарлау мәселелеріне арналған семинар өтуде. Семинарды Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен (ҚАЭС) бірлесіп ұйымдастыруда. Іс-шараға Ресей, Венгрия және Беларусь елдерінен келген АЭХА сарапшылары қатысуда.

АЭХА сарапшысы Алеся Юникова қатысушыларға семинар бағдарламасын таныстырып, адами ресурстарды кешенді дамыту ұлттық ядролық инфрақұрылым қалыптастырып жатқан елдер үшін негізгі фактор екенін атап өтті.

«Білімді басқарудың интеграцияланған тәсілі атом энергетикасы саласындағы ұлттық құзыреттерді қалыптастыру мен қолдаудың шешуші бөлігі болып табылады», — деді ол.

Сонымен қатар, қазақстандық тарап атом саласы үшін кадр даярлаудың кешенді ұлттық жоспарының жобасын таныстырды. Жоба университеттермен ынтымақтастықты, білім беру бағдарламаларын дамытуды, біліктілікті арттыруды және халықаралық тағылымдамаларды кеңейтуді қамтиды.

Семинардың алғашқы жұмыс сессиясында АЭХА сарапшылары ұлттық кадр саясаты мен HR-дамуын стратегиялық жоспарлауға шолу жасап, кадрлық әлеуетті қалыптастырудың халықаралық тәсілдерін және агенттік ұсынымдарына сәйкес адам ресурстарын дамыту кезеңдерін таныстырды.

Бұл ретте саланы кадрлық қамтамасыз етудің тұрақты негізі ретінде жоғары білім беру жүйесімен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Кадр даярлау мәселелерін талқылауға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Шәкәрім университетінің, Л. Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ-дің, ҰЯО МИФИ филиалының, Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің, Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетика колледжінің, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің білім беру бағдарламаларының өкілдері, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері қатысуда.