Меню KDT

Жаңалықтар

КАЭС жаңалықтары мен оқиғалары

Үлкен ауылында Қазақстанда екінші АЭС салу жобасы бойынша жария тыңдау өтті

1764934211958565.JPG

Бүгін Үлкен ауылында екінші атом электр станциясының құрылыс ауданын талқылауға арналған жария тыңдау өтті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, қоғам қайраткерлері, мәслихат, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК-ның өкілдері қатысты.

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-мен бірлесіп негізгі жүктеме қуатына энергия қажеттілігін, геологиялық факторларға, электр желілерінің инфрақұрылымына және елдің өсіп келе жатқан экономикасын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге қажеттілікті ескере отырып, екінші атом электр станциясының ықтимал орналасу орындарына талдау жүргізілді.

Бұл талдау Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды, оның қорытындысы бойынша екінші АЭС салу үшін аудан ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын айқындау ұсынылды.

Қатысушыларға екінші АЭС салу ауданының таңдалуы бойынша жүргізілген зерттеулер, оның негізгі техникалық мәселелері, ядролық реактордың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсерлер туралы ақпарат ашық және қолжетімді форматта ұсынылды.

Мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заманауи реакторлық технологиялар халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін және көп деңгейлі қорғаныс жүйелерімен жабдықталғанын атап өтті.

«Қазақстанда 3+ буын реакторлары пайдаланылатын болады, онда қауіпсіздік көп деңгейлі резервтеу, пассивті және белсенді қорғау жүйелерін біріктіру қағидаты бойынша іске асырылады. Қазіргі заманғы реакторларды әлемдік қоғамдастық экологиялық және қауіпсіз деп таныды», - деп атап өтті ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсалова.

«ҚАЭС» ЖШС-нің энергетика тобының жетекші инженері Асуан Сиябековтың айтуынша, нысанның орналастырылатын ауданын таңдау барысында табиғи, техникалық және инфрақұрылымдық негізгі көрсеткіштер жан-жақты талданған.

«Орналастыру ауданын айқындау кезінде сейсмикалық жағдай, топырақтың геологиялық ерекшеліктері, антропогендік және демографиялық факторлар, елді мекендерден қашықтығы, көлік инфрақұрылымы, энергетикалық параметрлер, сондай-ақ логистикалық қолжетімділік сияқты негізгі сипаттамалар қарастырылды. Дәл осы факторлар аудандардың жарамдылығына жүргізілген кешенді бағалаудың негізін құрады», — деді ол.