Өнеркәсіп саласындағы әйелдердің халықаралық ынтымақтастығы: Астанада кәсіби қауымдастықтарды дамыту және 2026 жылға арналған жаңа бастамалар талқыланды
Астанада Қазақстан, Түркия, Мысыр, Сербия, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да елдерден келген өнеркәсіп саласының кәсіби әйел мамандарының кездесуі өтті. Жиын халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, STEM-білімді ілгерілетуге және жас мамандарға арналған менторлық бағдарламаларды дамытуға бағытталды. Іс-шара 2026 жылы Қазақстанның Өнеркәсіп пен технологиялар саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңеске төрағалық етуіне дайындық аясында ұйымдастырылды.
Талқылауға салалық компаниялар, сараптамалық ұйымдар, академиялық орталықтар мен кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында: Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, «НАҚ «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы, «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «KAZENERGY» қауымдастығы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «АлЭС» АҚ, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті, Qazaq Green Power, Қазақстанның Халық партиясы және TechnoWomen қауымдастығы бар.
Қатысушылар әйелдерді өнеркәсіпке тартудың халықаралық трендтерін, әйелдер кәсіби қауымдастықтарын дамытудың үздік тәжірибелерін, сондай-ақ елдер арасындағы кооперация мүмкіндіктерін талқылады.
Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде энергетика мен атом өнеркәсібінде, әйелдердің мансаптық өсуіне қауіпсіз және инклюзивті жағдай қалыптастыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Қатысушы әйелдер кәсіби құзыреттерді ерте дамытуға инвестиция салудың маңыздылығын атап өтті. Себебі атом энергетикасының дамуына қатар, Қазақстанға озық технологиялармен жұмыс істей алатын, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елді халықаралық деңгейде таныта алатын жаңа буын мамандарын даярлау қажет.
«КАЭС» ЖШС қаржыландыруды ұйымдастыру тобының жетекшісі және KAZENERGY Әйелдер энергетикалық клубының төрайымы Айзада Аққайсиева: «Инженерлік және техникалық бағыттардағы әйелдердің қатысуын кеңейту – Қазақстан үшін маңызды бәсекелік артықшылық. Гендерлік әртүрлілік саланы күшейтіп қана қоймай, инновацияларға жол ашады және әлі толық ашылмаған әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Халықаралық кеңеске мүше елдер үшін бірыңғай тәсілдер мен ортақ бастамаларды қалыптастыру жөнінде ұсыныс енгізілді. Бұл бастамалар жас мамандарды қолдауға, STEM дағдыларын дамытуға, әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге және инженерлік-техникалық мамандықтарда әйелдердің қатысуын кеңейтуге бағытталатын болады.